СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

ӘСКЕРГЕ БАРУ – ТАЛАП ПА, ТАҢДАУ МА?

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 25.06.2020
Оқылды: 109 Печать страницы
ӘСКЕРГЕ БАРУ – ТАЛАП ПА, ТАҢДАУ МА?

Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп, қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені, Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды. Бұған шын мәнінде адамның бүкіл болмысының қатысы бар. Өзінің бүкіл халық болып, мемлекет болып құрылу тарихында талай тар жол, тайғақ кешулерді, басынан кешіріп үнемі шапқыншылардың шабуылына төтеп берумен өмірін өткізген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, баласын ана сүтімен бірге Отанын сүюге және қорғауға тәрбиелеген.

Егемен елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бүгінгі өр ұландар туған жердің ертеңіне алаңдап, аянбай тер төгуі қажет. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамының да орны бөлек. Себебі мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Алайда соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмән көбейіп тұр. Шындығында жастар әскерге барудан неге қашқақтайды?
Біле білсеңіз, ертеректе ер азамат үшін әскери борышын өтеу үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал бүгінде барлығы керісінше. Әрине әскерге шақырту алғандардың көбісі жақын маңдағы әскери бөлімде қызмет атқарғысы келеді. Оған қоса ата-анасынан алысқа ұзап көрмеген бозбала шалғайға баруды ауыр бейнет көреді. Бірақ әскери тәртіп олардың талап-тілегіне бағынбайды, қалауына көнбейді. Аймақ бөлек болғанымен, Отан – ортақ. Республиканың қай түкпіріне де барып ел шетіне жау келсе, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жаудың бетін қайтаруға дайын тұру бұлжымас борыш. Қазіргі жасөспірімдердің бірі жұмыс, екіншісі оқуды сылтау етеді. Оған қоса шаңырақ көтергенін алға тартып, қалып қоюдың амалын іздейтіндер де жоқ емес.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі жастардың әскери қызмет атқаруы міндеттелген. Әйтсе де кейбір жасөспірімдер келген шақыртуды жауып тастаудың жолын іздеп, бармай қалудың барлық амалын қарастырады. Тіпті өтірік анықтама жаздырып алу фактілері де кездесіп жатады. Неге олар мұндай әрекетке барады? Бір жыл уақытын армия сапында өткізіп, әскери билет алып қайту қаншалықты қиындыққа соғып тұр?
Әлемде елдің әлеуетін саралайтын статистика көп. Соның бірі әскери әлеуетін бағдарлау. Былтыр Қазақстан әскери салада «Global Firepower» рейтингісі бойынша 106 елдің ішінен 80- орыннан көрінді. Оның негізгі себебі – әскерден жалтарушылардың көбейгенінен. 28 мың азамат отбасылық жағдайын себеп етіп, міндетін өтеуден бас тартты. Елу мыңы «жарамсыз» деп табылған. Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранады. Дәл осы тұста статистиканың 60 пайызынан орын алып тұрған қорқақтыққа не себеп?
Былтырғы жылдан бері газетіміздің әр санында дәл осы әскер тақырыбына қалам тартқан мақалаларымыз аз болмады. Осы жолы да, әскер қатарына өз еркімен барып, Отан алдындағы борышын өтеп келген ауданымыздың тумасы Дамир Мұхтарбекұлын сөзге тарттық.

Дамир Қамбар Лабасы ауылдық округі Талапты ауылында дүниеге келген. 2011-2012 жылдар аралығында Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімде борышын атқарған.
-     Әскерге барғаным үшін қуанамын. Әскерге бару арқылы бағым жанды десем де болады. Айбынды армия қатарында борышымды өтеп, үздік қырымнан танылдым. Қазір де, сол салада жұмыс атқарамын.
Бұрындары әскерден келген азамат арнайы формасымен көшелерді аралап шығатын. Оны көпшілік «нағыз жігіт» деп санаса, ауыл балалары «солдат келді», «солдат келді» деп жауынгердің жүріс-тұрысына тамсанып, өскенде сондай боламын деп армандайтын. Алайда бүгінгі күні сондай әскери киініп ерекше рухпен жүретін жігіттер жоқтың қасы. Бар болса да бір жылда біреуі ғана келіп жатады. Өйткені қазір әскерге барушылар азайған. Тиісінше, жалтарушылар көбейді.
Біз Астанада түрме күзетінде болдық. Әрине, әр саланың өз қиыншылығы болғаны іспеттес, алғашында қиын болды. Бас қаланың қақаған аязында тұру қиын көрінгенімен, жақындарыммен кездесетін әр сәтті ойлаған кездерім маған жылу сыйлайтын.
Патриотизм – Отаныңды сүю. Оған шексіз қызмет ету. Иә, «патриот» дегенді естігенде форма киген әскер мен құқық қорғау органының қызметкері ойға оралады. Бірақ шын патриот болу – туған жеріңді, табиғатың мен тау-тасыңды, аққан суыңды, ата-анаң мен оттан ыстық атамекеніңді құрметтеу. Ал біздегі мақсат – «мен» деген қайсар жүректерді азаматтық борышын өтеуге жұмылдыру.
Тәуменді тарихтан білетінімізде, ел басына күн туған шақта халықты сайлаулы тұрған әскері құтқарған. Өз басын қатерге тігіп, Отан үшін от кешкендерді батыр деп танимыз. «Алпамыс, Қобыланды, Қарасай, Наурызбай» сынды өткен ғасырдың батырларын былай қойып, кешегі Ұлы Отан соғысында «Алға» деп ұрандатып, неміске қарсы тап берген Бауыржан атамыздың ұрпағымыз ғой. Оны қойшы, 1986 жылы «Қайрат деген атым бар, атам десең атыңдар» деп тәуелсіздік үшін жанын пида еткен қазақтың ұрпағы неге майдаланып бара жатқанын көру біз үшін өте ауыр. Әрине бес саусақ бірдей емес. Кешегі Бауыржандай батырдың нағыз ұрпақтары бар арамызда. Отансүйгіш, қандай жағдай болса да міндетін атқарудан жалтармай, өз басын өлімге тігіп, өзгені құтқарып жүргендерді естігенде қалайша еміренбессің? Қазаққа ғана тән генофеннен берілген қасиеттің жоғалмағанына қалайша қуанбасқа?, - дейді кейіпкеріміз.

Шындығында, өз еріктерімен әскерге барушылар да аз емес. Бәлкім батырлар институтын құрып, бабалардың әскери тактикаларын үйретуіміз керек шығар. Сонда жігерсіз жастар рухтанып, Отан алдындағы борышын орындар. Қалай болғанда да, жас өрен, әскерге баруы міндетті!
Асыл дініміз исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолындағылардың орны биік.
Хадисте ардақты Алла елшісі (с.ғ.с): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», - деген екен. Міне, осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады.
Енді әскерден жарамсыздықпен жалтарғандарға тоқталсақ. Үлкендердің айтуынша, бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз ер-жігіт үшін өліммен тең болған. «Ер-жігіт деген атаққа лайық болмадым» деп қынжылатын. Ал қазір екінің бірі – жарамсыз. Бұл сөзге ұялу былай тұрсын, қуаныштан жүректері жарыла жаздайды. Ешқандай намыс, ұят көрмейді. Рухани тұрғыда әлсізденіп қана қоймай, физикалық тұрғыда қуаты кеміген. Мұндайлар әскерде жүгіруге, мылтық ұстауға да қауқарсыз.
Еркек атаулыны жаппай кіналаудан аулақпыз. Борышын өтеуге құштарлары да бар. Бірақ өте аз.

Дедовщинадан қорқамын...

Шындығында еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыз. Өйткені әрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, уақытты өлтіресің деген үгіт-насихат жүргізеді. Мұндайда керісінше, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн болар еді. Ол аз десеңіз, көк жәшіктен әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жиі беріледі. Ал, кейбірінен сұрай қалсаң «дедовщинадан қорқамыз», «1 жылымыз бекер кетеді» дейді.
Уақытты сарп еткім келмейді деп ақталғандарымен оның артында «таяқтың астында қалсам не істеймін?» деген күдіктің жатқанын аңғару қиын емес.  Көбісі әлі  түсіне алмай келе жатқан дүниені ашып айтсақ...
Әскерде ешкім таяқ жеуге я болмаса біреуді сабауға бармайды. Әскер – Отан  алдындағы борышты өтеу кезінде жігіттердің бойындағы еліне деген махаббатын күшейту, ата-ананың қадірін түсіндіру, өмірлік тәжірбиелер жинау, қиындыққа төтеп бере білуді үйрететін үлкен мектеп. Әскер берген тәрбиені сізге ешкім бере алмайды. Ал, YouTube-де толып жатқан бейнежазбаларға мән бермеңіз. Себебі, ол өткен уақыттың естелігі. Өңкей жігіт болғасын рас, арада түсінбеушіліктер болып тұрады. Бірақ, ылғи емес. Ондай жағдайлар адамды ұстамдылыққа тәрбиелейді. Бірге тамақтанып, қатар жатып ұйықтап, бірге гитарамен ән айтып жүргеннен кейін бір үйдің баласындай болып кетеді.   Оның үстіне,  әскерилерді қорғау үшін «Әскери полиция» өз жұмысын тыңғылықты жасап жатыр.
Қорытындылай  айтқанда, әскерде бұрынғы біз еститін дедовщина жоқ.
 Әскер-1 жылдық сәт. Таусылмас әңгіме. Ескірмес естелік. Абыройыңды асқақтатанын нағыз жігіттік мектеп.  Дедовщина деген  өткен уақыттың дерті еді. Жоқтан қорқудың керегі жоқ.  Ел басына күн  туса қару алып атойлайтын арландар керек. Өзгеру мен батыл қадам жасау – кез -келген ер азаматтың міндеті. Олай болса сапқа тұр да, өзіңді өзгерт!

«Баламды ешқайда жібермеймін...»

Көптеген жастарымыздың өз еріктерімен әскерге бармауының үлкен бір себебі –ата-аналарының жібермеуі. Әсіресе, аналары өз ұлдарын қызғыштай қорғап, жібергісі келмейді. «Біреу-міреу ұрып, қиналатын болады», «Әлдекімнің баласы қорлыққа шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсапты» деген сөздерді шырылдап айтқан аналар қоғамда аз емес. ҚР Конституциясының 36-бабында атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбiр азаматтың қасиеттi парызы, әрі мiндетi. Олардың бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннан-ақ бойына сіңуі тиіс. Ананың айтқан әлдиінен бар тәрбиені жиып өскен бала әкенің қатал мінезімен бой түзейді. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Отбасындағы әрбір тәрбиенің өзіндік маңызы зор. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді дана қазақ. Қашан да халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері хақ. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді, сабырлық пен төзімділікті бойға жияды. Ал, анасының етегінен шыға алмай отырған ер бала кейін өз баласына қандай үлгі болмақ?
ТҮЙІН: Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген аталы сөзі бар. Сондықтан бүгінде әскери тәрбие мектебінің тағылымынан өтуді парызым, Отан алдындағы қасиетті борышым деп білетіндер көбейе түссе нұр үстіне, нұр дер едік.
Мамыражай заманда әскерге бару арқылы бұлшық етті жаттықтыруға, күш пен қайратты жинауға болады. Біз жігіттерді әскерден безуге емес, соған жүгіруге жұмылдыру жолында жаппай әрекетке көшуіміз керек.
Егер адам ұзақ уақыт есінен танғанда және айдалада көмусіз қалған кезде, құзғын қарға оның ең бірінші көзін шұқиды. Алайда олар ешқашан бір-біріне ондай залымдық жасамайды. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген содан қалған. Бізге қарғаныкіндей ауызбірлік керек. Татулыққа кенеліп, керек кезде досың үшін жан қию әскери заңдылықтардан бастау алатыны сөзсіз. Досын сатпаған адам Отанын да сатпайды. Жігіттер, бос белбеу болып жүргенше, әскерге аттанайық!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.