СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 02.07.2020
Оқылды: 75 Печать страницы
ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында Қазақстан астанасын Арқа төріне көшіру туралы шешімге баға беріп, оны ел дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс деп мәлімдеді.

«Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды. Оның елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де, әлемдік қауымдастық алдындағы беделіне де айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Қазақстанның біртұтас ел ретіндегі дамуын айқындай түсті. Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді», - деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы бағасына ие болды. Нұр-Сұлтан қаласы қазір қазақ елінің ғана емес, әлемдік ойталқылардың орталығы, халықаралық басқосулардың айтулы алаңы ретінде қалыптасты.
«Астанамызда 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем елдерінің басшылары бас қосты. Елорда 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласымен бірлесіп ұйымдастырды. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі көз алдымызда зор табыспен өтті. Қазақ елі аталған көрмеде әлемдегі өзгермелі жағдайды ескере отырып, баламалы қуат көздерін дамыту туралы бастама көтергені мәлім. Бүгінде бұл бағытта жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізілуде. Осылайша, жас мемлекетіміз Жер шарының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны барынша қорғауға өзіндік үлесін қосты. Әлемдегі дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін «Назарбаев моделі» деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықыласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті», - деді Қ.Тоқаев.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен саяси өзгерістердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел»,  - деді Қ.Тоқаев.
«Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені»,  - деді Президент.

Астана қалай құрылды

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады.
«Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған», - деп жазған еді Назарбаев.
Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.
Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді.
Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.
Айта кетсек, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні елорда күнімен тұспа-тұс келеді.

Астана атауы қанша рет өзгерді

Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.

1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.
«Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауғанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ, әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады», - деп жазды Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.
Дәл сол күні Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы Жарлық шықты.
2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қазақстанның екінші президенті 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың Тұңғыш Президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.

Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған, «нұрдың сұлтаны» деген мағына береді.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.