Коронавирус дерті әлемді алаңдатып, үрейлендіріп тұр. Бір сәтте, бір кезеңде әлемді жаулаған бұл дерттің алаңдататындай жөні бар. Адамзат баласы өмір үшін күресіп жатқандай. Ал адамзаттың өмірін аман сақтап қалу үшін жанталасып жүргендер ше? Нағыз жанкештілер солар емес пе?
Осындай елең-алаң шақта жауапкершілік жүгі дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің иығына түсіп тұрғандай. Олар нағыз оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлер іспеттес. Саптай тізіліп, күні-түні ұйқы көрмей, адам баласының денсаулығын күзеткен тыныштық күзетшісі секілді. Оларға қымбаты адамның амандығы. О баста осы кәсіпті таңдап алғанда да, әр азаматтың саулығы үшін күресемін деп ант беретіндері де сондықтан болар.
Полиция қызметкерлері 90 жыл бұрын күрескендей, вирусқа қарсы тұруда
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті музейіндегі материалдар арасында өткен жүзжылдықтың 30 жылдарындағы жедел мәлімет сақталған. Материалға сүйенсек, сол кезде тәртіп сақшылары инфекциялық аурулардың таралуына қарсы күрескен. Сол жылдары халықты қырған – сүзек індеті болды. Мәселен, 1933 жылдың 28 қарашасы күні ғана сүзекке қарсы күрес бойынша профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 28 хаттама толтырылған. Әсіресе, тазалық сақтау ережелеріне ерекше көңіл бөлінді. «Күн сайын полиция бастығы профилактикалық іс-шаралар жөнінде қалалық кеңеске баяндап тұрған. Санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 14 хаттама толтырылды», – бұл 1933 жылғы 25 қарашадағы мәлімет. Медицина және полиция қызметкерлері бірлесе жұмыс істеудің арқасында аты жаман індетті жеңіп шықты. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің соңғы айлардағы жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, коронавирус инфекциясының таралуы кезеңінде де тәртіп сақшыларына зор жүк артылған.
Дәрігер мен полицияның еңбегі ескерусіз қалмайды
Елімізде COVID-19 пандемиясына қарсы күреске қатысып, науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Індеттің күн сайын өршіп бара жатқандығын ескеріп отырған мемлекет халықтың денсаулығымен қатар әлеуметтік жағдайын да басты назарда ұстап отыр. Әсіресе, коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тынымсыз еңбек атқарып жүрген ақ халаттыларға барынша қолдау қарастырылған. Бүгінгі таңда «Біргеміз» қоры медициналық қызметкерлер арасында 2500 дәрігерге үстемеақы төлеген. Адам жанының арашашысы болар аса жауапты мамандық иелерінің еңбегі шынымен де зор. Қазір көптеген дәрігерлер мен мейірбикелер үйлеріне бармастан ауруханада тапжылмай еңбек етіп жатыр. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін қолдауға барлық ресурстарды жұмылдыру үстінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша пандемиямен күрес бағытында елімізде 26 мыңнан астам медицина қызметкеріне жалпы сомасы 33,8 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, медициналық қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтандыру аясында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігін болдырмау үшін қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар мен тігін цехтары күніне 800 мыңға жуық медициналық бетперде шығаруды қолға алған. Мұндай игі бастамаға елде 75-ке жуық тігін кәсіпорны жұмылдырылған. Дәл бүгінгі күні елімізде 20 мыңнан астам медицина қызметкері ақысыз байланыс пен интернет пакеттерін тегін тұтынуға мүмкіндік алды. Көптеген мейрамханалар мен дәмханалар дәрігерлерге тегін түскі ас ұсыну қызметіне кірісті.
Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін адал орындағаны, блокпостта коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі іс-шараларға тікелей қатысқаны үшін Министрдің бұйрығымен ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері де грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Карантин кезіндегі
блок-бекеттер
Карантин уақытында еліміздің дәрігерлері мен полиция қызметкерлері тынымсыз еңбек етті. Атап айтсақ, 52 000-нан астам қызметкер – полицейлер, құтқарушылар, әскери қызметшілер және ішкі істер органдарының медицина қызметкерлері блок-бекеттерде үздіксіз қызмет атқарды, тіршілікті қамтамасыз етудің маңызды объектілерін, медициналық мекемелер мен карантиндік аймақтарды күзетті. Қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейту үшін полиция мен Ұлттық ұлан жасақтарының саны мен тығыздығы артты. Көшелер, саябақтар, скверлер, тұрғын үй алаптары, сауда нысандары барынша қамтылды. Өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында елдегі қылмыс 26%-ға төмендеді. Мұндай ерекше режимде полиция және ІІМ-нің басқа да күштері алғаш рет жұмыс істеді. «Бұл оңай емес еді. Тәулік бойы жұмыс режимі, бірқатар жағдайларда дала жағдайларымен казармалық жағдайы, үй мен отбасынан алшақтығы, кейде жекелеген азаматтардың түсінбеуі мен қарсыласуы үлкен психологиялық және физикалық жүктемелер тудырды. Бірақ біздің қызметкерлеріміз барлық 78 күн бойы ел басшылығы қойған міндеттерді нақты орындай отырып, қызмет өткеруді жалғастырды. Ішкі істер және денсаулық сақтау органдарының барлық қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді және адамдарға қиын уақытта көмек көрсетті, олардың денсаулығын қорғауда алдыңғы шепте тұрды. Еске сала кетейік, карантиндік режим кезінде елде 400-ге жуық блок-бекет жұмыс істеді, оған 6 000-ға жуық ІІО қызметкері қатысты. Барлық кезеңде блок-бекеттерде 3,2 млн-нан астам көлік құралы мен 5 млн жолаушы тексерілді.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауданымыздың да тәртіп сақшылары 12 сағаттан ауысып тәулік бойы блок-бекетте қызмет етті. Індеттің өршіп тұрған шағында үйдегі отбасынан жырақта жүріп, бастарын бәйгеге тікті. Бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ. Блок-бекеттегі барлық полиция қызметкерлеріне жалақыдан бөлек үстемақы төленді.
