СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

COVID-19 індетімен күрес: Екі апталық карантиннің нәтижесі қандай

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 23.07.2020
Оқылды: 44 Печать страницы
COVID-19 індетімен күрес: Екі апталық карантиннің нәтижесі қандай

Үкімет отырысында елдегі COVID-19 індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуалдың жай-күйі баяндалды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша елде індеттің таралу көрсеткішінің тұрақталғаны байқалады. Жұқтыру жағдайы тәулігіне шамамен 1 500-1 600 адамды құрап отыр. Министрдің сөзін Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Ақтөбе облысының әкімдері растады. Әйтсе де арқаны кеңге салуға әлі тым ерте.

Цой не дейді?

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша жүргізілген жедел шаралардың арқасында екі аптада біршама оң нәтижеге қол жеткізілген. Атап айтқанда, тәулігінде коронавирус жұқтыру өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайып, COVID-19 ауруынан жазылғандардың үлесі жалпы ауырғандардың 60 пайызына жеткен. Жедел жәрдем шақыру 23 пайызға төмендеп, провизорлық төсек-орындардың жүктемесі 20 пайызға, жансақтау бөлімінің жүктемесі 6 пайызға азайған. «Арнайы жүк порттарының тасымалын арттыру арқылы дәріханаларды дәрі-дәрмекке толтыру жұмысы жүріп жатыр. Өңірлерде арнайы тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық дәрі-дәрмек тізімін кеңейту жұмыстары қолға алынды. Дәрі-дәрмектің 1 айлық қоры жасақталуда. Осы жылдың 22 шілдесіне дейін еліміздегі медициналық ұйымдар бір айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіледі», - деді ол. Министр одан бөлек коронавирус инфекциясы мен пневмония жұқтырған азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін ауылдық деңгейде 2,5 мың инфекциялық және 11 мың провизорлық төсек-орын жасақталғанын айтып өтті. Ауылдарда амбулаториялық көмек көрсету үшін 1493 мобильді бригада жұмыс істеуде. Бұл қажеттіліктің 94 пайызын жауып тұр. Ауылдарға қазіргі таңда 641 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетсе, қосымша қажеттілік – 141 көлік. Ол қажеттілік осы жылдың соңына дейін қаржылық лизинг келісімі аясында жабылады. «Сонымен бірге отандық тауар өндірушілерден аудандық ауруханалар үшін 53 рентген аппараты сатып алынады. Одан бөлек, алдағы 3-4 айда қосымша 100 көшпелі медициналық кешенді жеткізу көзделген. Оның бәрі де ауыл тұрғындарын кешенді тексеру үшін қажетті құрылғылармен жасақталады», - деді ол. Сондай-ақ министр пандемия кезеңінде алғы шепте жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдары үшін Үкімет резервінен 7,2 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті. «Елімізде бір реттік үш қабатты медициналық масканың бағасы 28 пайызға арзандады. Тамыз айын қосқанда алғы шептегі қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарының резерві қалыптасты. Үкімет резервінен бұл мақсатта 7,2 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстар аясында 41 млн маска, 27 млн қолғап пен 379 мың қорғаныс костюмі және 1,2 млн ПТР-тест сатып алынады», - деп түйді министр.
Күні кеше ғана министр Қазақстан халқына өз үндеуін жариялады. «Елімізде шектеу шаралары алынып тасталған кезде коронавирус инфекциясы ешқайда жоғалып кетпегенін естен шығармау керек. Біз оған үйреніп, күресіп, өмір сүруіміз керек. Өмір жалғасады. Әр адам ауа райына бейімделеді. Жаңбыр жауса, біз қолшатыр алып, өзімізді судан қорғаймыз. Күн суыса жылы киім киеміз. Мұндайда тіпті ойланбаймыз, бәрі қалыпты жағдай», - деді.
 Алексей Цой қандай шара болмасын бәрі қашықтан өтуі керектігін ескертті. «Егер инфекция болса, қандай да бір эпидемиологиялық кезең басталса немесе ауа тамшымен инфекция тараса, маска кию, жақындарыңызды қорғау, әлеуметтік қашықтықты сақтау, достарымызды, әріптестерімізді қорғау - қалыпты жағдайға айналуы керек. Егер қандай да бір шара болса, адамдар бір-бірінен алшақтап, алыстап отыруы керек. Қазір инфекция қатты өршіп кетеді деп күтпесек те, бұл біздің қалыпты өмірімізге айналуы тиіс», - деді Денсаулық сақтау министрі. Министр халыққа үндеу жасап, денсаулық сақтау саласына бәріміз көмектесуіміз керектігін айтып өтті. «Бұл мемлекетке ғана емес, өзімізге де, балаларымызға, жақын адамдарымызға да ең үлкен көмек болады. Бұл жеке бас гигиенасын сақтау, қашықтықты сақтау, қолды жуып тұру, салауатты өмір салтын сақтау, иммунитетті көтеріп, спортпен айналысу керек. Егер өзімізді осылай ұстасақ, менің ойымша, біз осы инфекцияны жеңіп, бұл індетті жеңеміз», - деп толықтырды Алексей Цой.
 «Бізде тұрақты деңгей 1600-1700 адам деңгейінде (күніне тіркелетін науқастар саны) сақталып тұр. Бұл көрсеткіш нашар жағдай емес. Әзірге бірдеңе деп болжау қиын. Алайда біз жағдай тұрақталар деген сенімдеміз. Жалпы біздің бұған дейінгі болжамымыздың пессимистік сипаты болғанын білеміз. Диманика бар. Ары қарайғы ахуал не болар деген сұрақ біз үшін маңызды. Қазір ары қарай не істейміз деген сұрақ төңірегінде жоспар құрып жатырмыз. Карантинді қалай әлсіретеміз, жағдайды ұстап тұру үшін қандай қадамдарды жасау керек – бәрі зерттелуде», – деп атап өтті.

Үкіметтен нақты тапсырмалар берілді

Министр мен өңір басшыларының баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Асқар Мамин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. «Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне - 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте - 1 пайыз, Қызылорда облысында - 0,9%, Түркістан облысында - 0,8%, Ақтөбе облысында - 0,5%. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек. «Біріншіден Денсаулық сақтау, Индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторы мен медициналық газдардың өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етсін. «СҚ-Фармация» осы жылдың шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлсін. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтасын», - деді Асқар Мамин. Сонымен қатар, Премьер-министр Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірдің тұрақтандыру қорында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын қалыптастыруды жүктеді.


 

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.