«Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» демекші, бір аптаға дерлік уақытқа созылған округтер және аудан әкімінің 2018 жылды қорытындылаған есептік кездесулердің соңғысы, яғни аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлының есеп беру жиыны дәл ақпан айының бірінші жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Бұл есептік кездесуге Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов арнайы қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мекемелер басшылары мен аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қызметкерлері, ауданның мәслихат депутаттары мен ардагерлер ұйымы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Алдыменен, облыс басшысы ауданның тыныс-тіршілігінің бейнесін айшықтаған көрмені тамашалаған соң, ауданның мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырып өтті. Мінберге шыққан аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айтып, биылғы жылдың жоспарын жеткізді.
- Жылдан-жылға экономикасы дамып келе жатқан ауданымыздың негізгі саласы – ауылшаруашылығы. Жалпы, бұл сала бойынша 23 млрд. 570 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 103,1 пайызды құрады.
Ал, аймақтағы басымдық берілетін бағыттың бірі – қант қызылшасының көлемі 225 гектарға ұлғайып, 74 мың тонна өнім алынды. Әрі осы аталған салаға өткен жылы мемлекет тарапынан 618 млн.теңге көлемінде субсидия төленді. Қант зауытына байланысты тағы бір қуанышты хабар, ол – ағымдағы жылы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 млрд.теңге көлеміндегі қаражат қант қамысын өңдеу бағытында зауытты қайта жаңғыртуға бөлінбек. Сонымен қатар, қыстық мал азығын брикеттеу желісін ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өнімді басқа аймақтардан тасымалдауға және сатуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп саласы бойынша, 11 млрд. 84 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы, аудан бойынша, 1 ірі, 3 орта кәсіпорын және 12 шағын кәсіпорын жұмыс жасайды. 2019 жылы жалпы құны 4 млрд. 900 млн. теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
«Эмон» ЖШС-гі құрама жем шығаратын зауыты (инвестициялық құны 203 млн.тг., 20 жұмыс орнымен), тауарлы-сүт фермасын кеңейту мақсатында 600 басқа арналған 2 ферманың және 2 мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіледі (жалпы құны 450 млн.тг., 50 жұмыс орнымен).
Сонымен қатар, Көксу өзенінің бойынан инвестициялық құны 4,2 млрд. теңге болатын гидроэлектр станциясының құрылысын жүргізуге жер телімі анықталды. Бүгінгі күнге құрылысқа инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде («Бекзат» ЖШС-і).
«Сервистік әкімдік» жобасы қолға алынып, бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Аудан әкімі аппаратының 2 әкімшілік және Мұқыры ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Баспана мәселесі де оңтайлы шешімін табуда. Облыстық бюджеттен берілген трансферттер есебінен Балпық би ауылында 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, Балпық би ауылындағы 50 және 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге және инженерлік-коммуникациялық жүйелерін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Оның сыртында 60 және 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйлерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ 40 блоктық жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына инженерлік инфрақұрылымдары дайындалып, жобалау жұмыстарының басталуы көзделуде. Дәл осы құрылыс саласы бойынша, Балпық би ауылындағы 840 орындық орталық стадионды қайта құру нысаны бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстары аяқталып қолданысқа берілсе, Еңбекшіқазақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Алғабас-Айнабұлақ ВЛ-10 электр желілерінің құрылыс жұмыстары және Мұқыры ауылындағы саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл біздер үшін үлкен мәртебе.
2017 жылдан бері қолға алынған табиғи газға көшу ісі ойдағыдай атқарылуда.
Білім, денсаулық салалары бойынша да ілгерілеу барынша байқалады. Білім беру мекемелерінің стандартына сай келмейтін мектептердің санын азайту мақсатында Қызылтоған ауылында 120 орындық мектептің құрылысын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалуда.
Сонымен қатар, З.Тамшыбай атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды және №5 орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысы алынды. Бүгінгі таңда 1800 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 97 пайызды құрайды.
Бүгінгі күні жеке кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуінің арқасында 72,4 млн.теңгелік 5 жоба аяқталды. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр округте түрлі нысандар салынып, бұл бағыт одан ары дами бермек, - деп, ауданның ахуалымен жалпылама таныстырып шықты.
Аудан басшысының баяндамасын ұйып тыңдаған жұртшылық арасынан Мұсабек ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлау Қоңқақов жарыссөзге шықты. «Біздің ауылдың көркеюі үшін жасалынып жатқан жұмыстар көңілімізді көншітерлік. Учаскелік пунктіміз бар, саябағымыз бар. Сол үшін, аудан басшысына алғысымызды білдіреміз. Дегенмен, округте әкімдік ғимарат 1984 жылы салынған. Қызметкерлер ескі, тар ғимаратта отыр. Соған байланысты жаңа әкімдік ғимаратын салып берсеңіздер», - деген ұсынысына аудан әкімі Алмас Қабдулұлы: «Мұсабектен бөлек алты ауылдық округтің әкімшілік ғимаратын салу туралы құжаттары дайын. Облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс жолдадық», - деп аталған мәселенің шешімі табылатындығын жеткізді.
Тұрғындар тарапынан елді мекендерді газдандыру бойынша сауалдар қойылды. Бұл сұрақтарға да оң жауап берілді.
Аудан әкімінің баяндамасын саралаған облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы өз тарапынан тапсырмалар беріп, жұмысын бағалады: - Өндіріс саласында көп өсім байқалады. Десе де, жеке инвесторларды тарту бағытында әлі де болса қарқынды жұмыс атқару қажет. Әсіресе, қант қызылшасын өндіруге қатысты жұмыстарды жандандыру керек.
Көксу ауданы тура жол торабында тұрғандықтан, жан-жақтан қызығушы елдер көп болу керек. Ал, елді қазіргі таңда, пайдалы өнімдермен таңқалдыруға болады. Сүт-тауарлы фермаларын көбейтіп, жылыжай салу керек.
Елбасы кешегі өткен жиналысында біздің Алматы облысын ерекше атап өтіп, бірқатар тапсырмалар да берді. Жалпы, облыс бойынша біздегі ішкі өнім 3,5 пайызға өскен. Ауыз суды 86 пайызға көтердік, бұл республика бойынша жоғарғы көрсеткіш.
Ауылшаруашылығында бірқатар өсім байқалады. Болашақта Алакөл және Ескелді аудандарындағы қант зауытын қайта іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деп жалпы, аудан әкімі Алмас Қабдулұлының жұмысына көңілі толатындығын айтты.
Кездесу соңында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек келген қонақтарға алғысын білдірді: «Жалайыр елінде әрі көсем әрі шешен атанған Балпық би кезінде
Екі батыр кездессе,
Жауын шауып, қырғанын айтады
Екі ел басы кездессе,
Ел-жұрттың тірлігін айтады-, деген екен. Мына бүгінгі жиынды мен мерекелік шарға теңеп отырмын. Құрметті, Амандық Ғаббасұлы, елі де, жері де берекелі Көксу ауданына келгеніңізге алғыс білдіреміз. Қадірменді Алмас Қабдулұлы, біздер, аудандық ардагерлер ұйымы сіздің жұмысыңызды ерекше бағалаймыз, сол үшін де бүгінгі есебіңізге «қанағаттанарлық» деген баға береміз», - деп ізгі тілегін білдірді.
Биылғы жыл «Жастар жылы» болғандықтан, осындай келелі жиында жастардың сөйлемеуі ағаттық болар, сірә. Осы мақсатта, Б.Құндақбаева атындағы №1 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Әлібек Көкенов өз ойын ақтарыла жеткізді.
- Құрметті жиналған қауым! Мен еліміздегі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің арқасында қалаған оқу орнында білім алып, бүгінде өз еліме қызмет атқарып жүрген жас маманның бірімін.
2018 жыл ұстаздар үшін ерекше жыл болды. Елбасы білім саласы қызметкерлеріне ерекше мән беріп, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын ұсынды. Бұл, біздер үшін үлкен қуаныш. Әрі 23 қаңтар күні «Жастар жылы» салтанатты түрде ашылды.
Бүгінгі, жаһандану заманында жастарға барлық жағдайды жасап, барынша қолдау көрсетіп жатқан Елбасына, мына сіздерге рахмет айтқым келеді, - деп алғысын білдірді.
«Жақсы адамнан жақсы басшы» шығады демекші, біз де осындай басшыларымыз барына қуанамыз әрі мақтанамыз!
