СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

Медиацияда жеңілген немесе жеңген жақ болмайды

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 20.08.2020
Оқылды: 52 Печать страницы
Медиацияда жеңілген немесе жеңген жақ болмайды

Қазақтың билері – бүгінгі күннің судьялары. Билердің халық алдындағы беделі оларды халықтың мойындауымен артып отырған. Ал өзі сыйлаған, өзі дәріптеген әрі мойындаған адамның билігін ешкімнің бұзбайтыны өз кезегінде тәуелсіз әрі әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болғаны даусыз. Билер халықтың сенімді өкілі, халықтың ары болып табылады. Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі және мемлекеттің функцияларын іске асырушы бола отырып хандардың кеңесшісі болған.
Бұрын қазақ қоғамындағы әділетті, туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен осы қазақтың билері еді. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бірегейі әрі дара тұлғалары- қазақтың үш жүзін біріктіре білген  Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер ел арасындағы кез келген дауларды бітімгершілік жолымен шешіп отырған. Ал осындай дана шешімдер өз кезегінде халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтап отыруға шексіз үлес қосқан.Қазақ халқы үшін бітімгершілік- билік айтудың ең озық үлгісі.
   Сол қазақтың билері салған сара сүрлеуді жаңғыртып, әлемдік заңдылықтарды саралай отырып, соған сай толықтырулар қосып, Қазақстан елінде «Медиация туралы» заңның дүниеге келуі, бұл ең алдымен қоғамның қажеттілігінен туған дүние. «Медиация туралы» заң дала даналығының дара заңдылыққа айналуының нақты көрінісі. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» заң сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тегін айқындап берді.
  Осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін талай құқықтық сүзгіден өтті, өзге елдердің тәжірибиелері де сараланды. Жаңа заң ресми түрде 2011 жылдың 5 ақпанында жарияланды және сол арқылы азаматтардың қүқықтарын қорғаудың балама нысандары дамуының жаңа кезеңін белгіледі.Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің елде жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітіліп, заңнаманың ойынша олар соттарға нақты және жүйелі бәсекелес болуы тиіс.
  Медиация - үшінші бейтарап тұлға медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дау-жанжалды шешу рәсімі әрі балама шешудің неғұрлым жұмсақ нысаны болып табылады. Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескертетін жайт, бұл жерде екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ . Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация еркін процесс.
   Заңға сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді, яғни, ол тараптармен кәсіби және кәсіби емес негізде медиацияны заң талаптарына сәйкес жүргізуге таратылған тәуелсіз жеке тұлға. Медиатордың негізгі  функциясы бұл тараптардың бірыңғай көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі, бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Заңға сәйкес медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруінен көрініс табады. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса, олар медиатор іздемей- ақ мәселелерін өзара шешуге, ортаға ағайындар салуға талаптанып жатады. Алайда бұл заңға сай емес, ауызша келісімшарт болып қалады.
   Жалпы медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізуде кең көрініс алған. Тәжірибе бұл заңды қылмыстық іс жүргізуде де қолдануға болатынын көрсетті. Көп жағдайларда жәбірленуші мен қылмыс жасауда айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнығып, жәбірленуші жақ  байланысқа ауыр және өте сирек түседі.
Айыпталушы, жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген залалдың орнын толтырғысы келгенімен, жәбірленушінің көкейінде ұялаған реніштен ол өзі байланысқа шыға қоймайды. Ал, осындай жағдайда медиатор көмекке келуі мүмкін, оның басты мақсаты екі жақты татуластыру.
   Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескере кететін жайт- шешімнің орындалуы. Сот қабылдаған  шешімді орындау рәсімі оңайлықпен жүрмейтіні де анық. Сот тиісті шешім қабылдағанымен көптеген шешімдер ұзақ мерзім бойы орындалмай, тараптардың әуре сарсаңға түсуіне әкеп соғады. Ал медиация нәтижесінде қабылданған шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ.
  Медиация – азаматтық айналым қарым-қатынасының тартысу деңгейін төмендетуге тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне себеп болары хақ. Бүгінде медиация, татуластыру институттарының аясы кеңейді. Судьялар бұрынғыдай емес, тараптарға қолданыстағы заң талаптарын, бітімгершілік рәсімдерін жан-жақты түсіндіреді. Тараптардың бірі дауды тек сотпен шешкісі келсе, енді бірі сот медиациясына немесе медиаторлар көмегіне жүгінуді қалайды. Кейбірі дауды партисипативтік тәсілмен, яғни, адвокаттар арқылы шешкен де оңтайлы. Бұл ретте соттарда олардың кез келген шешімі құрметтеліп, талап-тілектері қолдау табады. Мәселен экономикалық сотта осы жылдың 5 айында медиациямен 61 іс қаралды.
   Тараптар «онлайн» режимде татуласып жататын кездер де болады. Мысалы, бір ЖШС-нің басқа мекемеге берешекті және тұрақсыздық айыбын  өндіріп алу туралы талабы бойынша азаматтық іс қаралады. Бұрын серіктестіктер келісімшарты жасалған. Дау шарт міндеттемелерінің орындалмауынан туындаған. Тараптар сот отырысына «Skype» қосымшасы арқылы қатысты. Судья істі қарау барысында тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу құқығын түсіндіріп, оның артықшылықтарын мәлімдеді. Тараптар өз кезегінде татуласуға келісіп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара тиімді шарттармен келісімге қол қойды. Сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Серіктестікке төленген мемлекеттік баж кері қайтарылады.
   Сотта үлкен сомадағы қарыздарды өндіру бойынша талап арыздар медиациямен аяқталып жатады. Серіктестіктер арасында тауарды жеткізу туралы келісімшарты жасалынған. Талап қоюшы шарт бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындаған, ал жауапкер тауар сомасын уақытылы әрі толығымен төлемей, өз міндеттемелерін орындамаған. Сот отырысы барысында татуластырушы судья тараптарға медияцияның тиімді тұстарын түсіндірді. Нәтижесінде, тараптар арасында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім түзілді. Оның шарттары бойынша жауапкер қарыз сомасын толық көлемде медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап 3 күн ішінде төлеуді міндеттенген, ал, талапкер өз талаптарынан бас тартқан. Сот  татуласу келісімін бекітті. Осыған байланысты,бұл азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.
    Медиация процесінде жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Себебі, медиацияның мақсаты  екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Тек осындай жағдайда ғана  ол жемісті болады және орындалуының үлкен ықтималдылығы бар. Шешімді бірге әзірлеген және келісімге өз бетімен қол жеткізген тұлғалар өз мүдделерін негізге ала отырып, олар үшін үшінші тарап қабылдаған шешіммен салыстырғанда қол жеткізген келісімді орындау өте қолайлы. Медиацияның тағы бір артықшылығы бұл осы рәсімнің толық құпиялығында және де медиатормен жасалған құжаттар және материалдар жойылады. Сонымен бірге медиациялық келісімге келу нәтижесінде тараптардың уақыты мен қаржысы үнемделеді. Сот өндірісімен салыстырғанда медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.

Айнагүл ҚҰТТЫБЕКОВА,
Көксу аудандық
 сотының бас маманы

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.