Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясында елімізге жолдаған екінші «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауын ел болып, зор ықыласпен қабылдадық. Болашаққа бағдар жасап, келесі іс-әрекетімізді ел өркендеуінің өзекті мәселелерін шешу үшін қабылдау керектігін түсіндік. Президенттің жолдауы - мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі мақсаттарын, елдің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу жолындағы батыл қадамы – ертеңгі күнімізге деген сенім.
Жолдаудың алғы сөзінде Президент елге сенім білдіріп, қазіргі қиындықты бірге жеңіп, бірлігіміздің арқасында мақсатымызға жететінімізді айтып, табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ пен өзара қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті. Елге амандық тіледі. Баршамызға алғысын білдірді.
Президент өз Жолдауында қоғамның ілгері дамуына кедергі болған жемқорлық, жер мәселесі, еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесі, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы, қосазаматтық, адам құқықтарын қорғау, денсаулық мәселесі, «Аңсаған сәби» жобасы, инклюзивті ел, оның ішінде ертеңгі жарқын болашақтың кепілі – білімді ұрпақтың білім алуын қолжетімді ету, яғни білім саласына қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті. Иә, жолдаудың тура «Білім күні» күнінде жолдануының өзінде үлкен мән бар. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі», - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, кемел елдің келешегі – білімді жастар қолында екендігі рас. Халыққа арнаған осы Жолдауында мемлкет басшысы білім саласындағы басты мәселелердің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екендігін атап өтті. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысының 25 пайызға көбейетіндігін жеткізді. Білімді ұрпақ тәрбиелеп, оқытып отырған ел ұстаздарына осылайша құрмет көрсетті. Сенім артты. Біз, осы зор сенімнің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын сезіндік. Осылайша, Жолдаудағы әрбір сөз - біздің жүрегімізге үміт отын сыйлады. Мынау алмағайып заманда халыққа күш-жігер беріп, елдің елдігін сақтауда қолға алынған әр іс, батыл қадамдарға біз өз қолдауымызды білдіреміз! Біз біргеміз! Біз жеңеміз!
Майра Байбулатова,
Мұқыры ауылы, Қалқа Жапсарбаев атындағы
орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
