30 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Сол уақыттан бері бұл мереке атап өтіліп келеді.
Асылында бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат - аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.
Қазақ қариясын сыйлаған халық. Қарты бар үйдің қазынасы бар, - деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген.
Қарт дегеніміз - ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні сондай терең. Қариялар халқымыздың өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керекті. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата- бабадан келе жатқан салтымыз. Ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңестері, тәлім-тағлымдары ұрпақ үшін орны бөлек. Қай заманда болмасын қоғамда қарияларға деген құрмет, ізет-ілтипат ерекше болған, олардың даналықтары мен өмірден түйген мол тәжірибесіне ден қойып отырған. Жалпы айтқанда, қарттардың отырған жері бір береке ғой, шіркін! Сол кісілердің арқасында осындай тыныш заманда өмір сүріп отырғанымызды кейінгі ұрпақ білсе деген ізгі тілегім бар. «Өткен менен кеткенді көп жасаған қарт білер» демекші, кешегі Ұлы Отан соғыс жылдарында, сонау ел басына қиын- қыстау күн туып, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» аласапыран уақыттарда халықтың бейбіт заманда өмір сүруі үшін бастарын бәйгеге тігіп, өлім мен өмірдің ортасынан елін, жерін, тілін, дінін, салт- дәстүрін болашақ ұрпағына аман-есен жеткізді, біз, яғни жас ұрпақ сол үшін де қарыздармыз. Қарттарын ерекше құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтаған елдің баласымыз. Абыз ақсақалдар дегенде ең алдымен кешегі Майқы би, Бұхар жырау, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер мен дана Абай есімізге түсері анық, олардың даналығы бір ауыз сөзімен дүйім жұртқа төрелік айтып, елді аузына қаратқан ақсақалдардан кенде болған емеспіз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аллаһтың разылығы ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы ата-ананың ашуында жатыр» деген. Түсінген адамға мұнда терең мағына бар.
Ұрпағына жол ашқан, мұқалмаған қаншама қиындықтан,
Жасымаған қарттарым, өмірінің сан-сала сырын ұққан.
Табиғаты керемет, таудай мүсін байсалды қариялар,
Шежірелі жүрегі, баталы ауыз жаралған жылылықтан.
Асқарындай таулардың, күмістей боп ақ кірсе де басыңа,
Заңғар ойлы қарттарым, мұқалмағын, қартайсаң да жасыма.
Ұлы көштің сынығысың із тастаған, қарттығыңды ұмытып,
Бір жасарып қалғандай бір шөбереңіз келген кезде қасыңа.
Ақылыңа ақ саусақпен жас кекілді сипап қана айтатын,
Арға балар, алтынменен сатып алмас байлығымдай байқадым.
Болашағың өскен сайын қауанасың, шүкірлікпен жас алып,
Көкірегіңде қуаныш бар көздеріңнен көрсем дағы қанша мұң.
* * *
Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы - қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?
Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.
Осылай деп қарттардан қалап келем,
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын,
Себебі мен де бір күн жауап берем.
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл...
дайындаған: Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ
