СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

Ұстаз- ұлағатты есім

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 08.10.2020
Оқылды: 126 Печать страницы
 Ұстаз- ұлағатты есім

 «Адамның адамгершілігі - жақсы ұстаздан басталады», - дейді дана Абай. «Ұстаз болу - өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау», - дейді Ж.Ж.Руссо. Міне, осылай әр адамның ұстаздық туралы өз айтары бар. «Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады»  демекші, өмірден ұстазсыз өтетін пенде кемде-кем шығар. Адам алғаш өмір есігін ашқаннан бастап-ақ, алысқа талпынып, алдымен ата-ананың, сосын мектептің, ондағы ұстаздардың жетекшілігімен өмір сүруді үйрене бастайды.   Сан қилы кешірмелерді бастан өткізіп, өзі де біреулерге ақыл айтып, ұстаз болады. Бұл енді өмірдің бұзылмайтын заңдылығы.
Ал соның ішінде ұрпақтарды ғылым-білімге, биік арманға баулитын мұғалімдердің орны тым ерекше. Әрбір ата- ананың өзінен кейін бауыр еті  баласын сеніп тапсыратын жалғыз жан – ол мұғалім. Әрине, ата-анадан кейін де балаға өз баласындай күйініп, оның болашағына алаңдайтын және болашақта кемелді бір адам етіп шығару үшін, бар қажыр-қайратын салып еңбектенетін де тек мұғалім ғана. Сол себепті де, олардың орны бөлек, мамандығы мәртебелі.
Сондықтан да, 1994 жылдан бері дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді.
Біздің елімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген.  Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президиумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ, 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған.
Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді.
Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие беруші. Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.
Қазақстандық ұстаздар бұл мерекені міндетті түрде педагогикалық ұжыммен бірге атап өтеді. Сондай-ақ, бұл күні үздік ұстаздар Нұр-Сұлтан қаласында бейбітшілік және келісім сарайында өтетін іс-шарада марапатталады.
Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайды. Осы бағытта жыл сайын олардың жалақысын көтеру және жұмыстарын жеңілдету мәселелері қаралады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамыз конференциясында білім саласын жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Осыған орай «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жан-жақты талқыланып, мақұлданды.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалымен өткен палатаның жалпы отырысында мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселелері кеңінен қаралды. Онда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын таныстырды. Жобада педагогтердің құқықтары бойынша 10 жаңа позиция қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің функциясына кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексерулерге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар да көзделген.
Сондай-ақ Заң жобасында педагог мәртебесін арттыру, оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейту де көзделген. Материалдық емес ынталандыру, материалдық ынталандыру мәселелері,
сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін педагогтерге 2 есе мөлшерде қосымша ақы төлеу көзделгенін айтты. Тағы бір маңызды бастама, көптен бері көтеріліп жүрген проблема – колледж мұғалімдерінің категорияларына үстемақы төлеу туралы ұсынуды да естен шығармады.
Өте ауыр  тарихи сынақтармен бетпе-бет келген үстіміздегі жылы да, ұстаздар қауымы қол қусырып отырмастан, балаларды қашықтықтан болсада оқытуға күш салып, өрендердің оқусыз қалмауына белсене атсалысуда. Онлайн оқытудың машақатын оқушыға білдірмей, өз мамандықтарын адалдықпен әспеттей білген ұстаздарымыздың қоңыр күзбен қатар келген мерекелері де елеусіз қалмады. Оқушылар мен ата-аналар жүрекжарды лебіздері мен құттықтауларын видео, аудио арқылы  жолдап, ұстаздарға деген ыстық ықыластарын онлайн  білдіріп жатты. Әншілер әндерін асқақтатып, ақыдар жырларын жаудырды.
Осы орайда аудан әкімі Алмас Әділ де мереке қарсаңында ұстаздар қауымымен жүздесіп, мәртебелі мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтады. «Сіздердің арқаларыңызға ауыр жүк артылған, ол жүк- шәкірттерге берілетін білім байлығы. Жыл сайын жұмыстарыңыз күрделене түсуде. Казіргідей пандемия кезінде де сіздердің өзіндік орындарыңыз бен ерен еңбектеріңіз ерекше байқалуда. Қоғам мен адамзат алдындағы осы өлшеусіз еңбектеріңіз сіздерге толағай табыс пен абырой әкеле берсін!»-деп кездесуге келген ұстаздарды Алғыс хатпен және гүл шоғымен қуантты.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейтниязов та өз лебізін білдірді:
 «Құрметті ұстаздар!
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға-деген ұлы Абай атамыз, сіздердің жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім- тәрбиелеріңіз, үлгі-өнегелеріңіз өлшеусіз. Сіздер жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жемісті- жеңісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Мұғалімның қоғамдағы мәртебесі- кез келген мемлекеттің бүгіні мен болашағының айқын көрсеткіші. Ұстаздарымызға білім беру мен тәрбиелеу ісіне қосқан өлшеусіз үлестері және кәсіпке деген адалдықтары үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Білім саласы гүлденіп, әрқашан биік белестерді бағындырудан танбайық, мереке құтты болсын!»-деді.
Мереке қарсаңында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен  «Ұстаздар  әулеті»  атты  мұғалімдерге арналғын бейнебаян аудандық конкурсы өтіп, оның қортындысы жарияланды. « Ұстаздар әулеті» конкурсы ұстаздар мәртебесін көтеру, ұстаздық мамандық бейнесін насихаттау,  отбасы институтының маңыздылығын таныту мақсатында өткізілген. «Ұлағатты ұстаздар әулеті», «Берекелі шаңырақ», «Үлгілі ұстаздар әулеті» сынды үш номинациядан тұратын конкурсқа елге сыйлы, өмір жолы өнегелі, жұмысында жетістіктері жетерлік, ұстаздықтың ұлағатын ұғындыра білген мұғалімдік мамандықты мұра қылған ұстаздар қатысып, марапатталды.
Ауданымыздың жалпы білім беру ұйымдарында 1050 педагог қызмет етеді. Олардың 30-ы биылғы жылы келген жас мамандар. Аудан мұғалімдерінің 79 пайызы жоғары білімді. Ал жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдердің көрсеткіші 50 пайызды құрайды.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.
Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару - екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай күйіну. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.  Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет түрме салуға мәжбүр болады» депті. Оған «Мектептің жүрегі – мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда - ақ бәрін айтып тастапты. «Бүкіл бейнет пен ауырлық тек қана мұғалімдердің басында» деуден аулақпыз. Қарулы күштер, құқық қорғау саласы қызметкерлері, дәрігерлер мен медбикелер де мұрнынан шаншылып еңбек етіп жүргені анық. Тәулігіне 16 сағатқа дейін қызметтен қолы босамайтын мемлекеттік қызметтегі жандарды да көріп жүрміз. Дегенмен, білімнің нәрі, ғылымның шыңы, барша адамзаттың игілігіне қызмет ететін адамгершілік пен патриотизм, өнер мен руханиятты тәрбиелейтін ұстаздар екенін ол кісілер де мойындайтыны анық.


Әмина АДАЙХАН

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.