СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған»

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 08.10.2020
Оқылды: 88 Печать страницы
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған»

Пошта – жазба хабарларды, хаттарды, басылымдарды, заттарды үздіксіз тасымалдайтын байланыс  түрі. Сонымен қатар  жергілікті халықтың мәдени-тұрмыстық мұқтаждығына қажет заттар жеткізу, бір ел ішінде және шетелдермен ақпарат алмасу мәселелерін қамтамасыз етеді. Поштаның тарихына тоқтала кететін болсақ, 1969 жылы Жапония мемлекетінің астанасы  Токио қаласында өткен халықаралық конгресте 9- қазан «пошташылар күні» болып бекітілді. Бүгінгі күні арнайы дүниежүзілік пошташылар ұйымы бар және сол ұйымға 189 мемлекет мүше. 

Ал, қазақ жеріндегі  поштаның дамуының өзіндік дара жолы бар. Өткен ғасырлардан  хабарларды ресми түрде жеткізбей тұрып, әр жүздің өзінің хабар жеткізетін арнайы қызметкерлері болғаны бізге аян. Хронологиялық кестеге мән беретін болсақ, 1860 жылы Алматы қаласында алғаш «Қазпошта» ашылды. 1862 жылы Алматы қаласын Бішкек қаласымен қосқан бірінші телеграф желісі іске қосылып,1993 жылы пошта және электр байланыстары жеке бөлінді.
Ал, 1995 жылдан  бастап Қазақстанда пошта республикалық мемлекеттік пошта байланысы мекемесіне (РМПБМ) айналды. 1999 жылдан РМПБМ «Қазпошта» АҚ болып қайта құрылды. «Қазпошта» АҚ 2006 жылдың қаңтарынан «Самұрық» мемлекеттік холдингісіне кіреді. Бұл холдингке кірудегі басты мақсат дамыған елдердің қатарына қосылып алға қойған мақсатына яғни қарқынды дамуына жол ашу болып табылды. Бір жыл ішінде алға қойған міндеттер мен мақсаттар орындалып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты.  Соның аясында 2007-2009 жылдарға жаңа жоспарлар құрылып, жемісті жұмыс атқарды.  Мұндай жаңартудың негізгі міндеттері, пошта байланысы бөлімшелерінің жеке желісін оларды жан-жақты қамтып, техникалық нығайту мен ақпараттық коммуникациялық және банктік жабдықтармен қамту арқылы жетілдіру болып табылады.
    Қазақстандағы пошта жолының жалпы ұзындығы 105400 км-ден астам. Оның 95%-ы автокөлік үлесіне тиеді. Қазақстан поштасында бүгінгі күнде 22- мыңнан аса адам қызмет істейді. Республика бойынша 3200-ден астам бөлімшесі, 14 облыстық филиалы бар. Пошта мекемелерінде 21 000-ға жуық қызметкерлер жұмыс атқарады. Сондай-ақ, Қазпошта ТМД аумағында бірінші болып почта-жинақ жүйесін құрастырып енгізген бірден-бір пошта әкімшілігі. Жалпы почта - ҚР азаматтары мен азаматшаларына қол жетімді желілік құрылым болып табылады. «Қазпошта» көрсететін қызметтерге:  жазбаша хабар, бандероль, посылка жіберу және жеткізу, үлкен өлшемді ауыр жүктерді жіберу және жеткізу, курьерлік қызмет көрсету, мерзімдік басылымдарға жазылу, оларды жіберу, жеткізу, сату, арнайы байланыс қызметін көрсету, филателия бөлімі, пошта жеделхаттарын жіберу, жатады.  
    Қазіргі таңда «Қазпоштаның» әлемдік деңгейге көтерілуіне шамасы толықтай  жетеді. Тарих беттерін парақтап қарасақ, сонау көне заманнан пошта рөлінің ерекше болғандығын байқай аламыз. Қолымыздан ақ көгершінді ұшырмасақта жаңа техникалық құралдарды пайдалана отырып заманнан қалмай  даму үстіндеміз.   Сол дамығандығымыздың арқасында тәуелсіз шаңырақ астында пошташылар мерекесін тойлағанымызға 29-жыл болды. Халқымыз айтпақшы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған»қызметкелердің еңбегін бағалау біздің міндетіміз. «Пошта, пошташы »дегендерді естісек біздің есімізге мультфильм кейіпкері «пошташы Печкин» түсері анық. Мерекесі аясында қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметке басшылық етіп отырған  Көксу ауданының  «Kaзпошта» бөлімінің басшысы  Мекебаев
Дулат Еркіндіұлынан сұхбат алған болатынбыз.
-    «Қазпошта» саласында қызмет атқарып  жүргеніңізге қанша уақыт болды?
    - Жалпы, «Қазпошта» саласында қызмет атқарып жүргеніме 12 жыл болды. Еңбек жолымды 2008 жылы Талдықорған қаласында оператор қызметінен бастаған болатынмын. Қазіргі таңда аудандық «Қазпошта» бөлімінің басшысы лауазымындамын. Яғни, бұл қызметке осы 2020 жылдың маусым айында тағайындалдым. Пошта саласы қазіргі таңда жақсы дамып келеді деп толықтай айта аламын. Біздің ауданымызда поштаның жаңа жүйелері қалыптасуда.
-    Поштаның қазіргі таңдағы атқаратын қызметі қандай?
 - Қазіргі таңда «Қазпошта» жан-жақты қызмет көрсетуде. Пошталық  қызмет атқарып қана қоймай қаржылық қызмет көрсету жүйесін қолға алған. Сонымен  қатар агенттік қызметтер де бар. Бүгінгі таңда «Қазпошта» екінші деңгейлік банкпен жұмыс атқарып жатыр.  Тек бір ғана жұмыспен шектеліп қана қоймай  қаржылық және агенттік қызмет көрсетеміз. Соның аясында кредит береміз, депозит ашамыз.  Қызмет көрсету деңгейіміз жоғары деп айта аламын. Сонымен қатар,     пошта-жинақ мекемелер пошта бөлімдері арқылы халықтың салымдарын жинақтап, қаражаттарды қабылдау және беру қызметін жүзеге асырады.
-       Халықтың  поштаға келу деңгейі  қандай?
-    Біз бір ғана қызмет емес, бірнеше  қызмет түрін атқаратындықтан  халықтың келу деңгейі жоғары. Зейнетақы, жалақы , жергілікті төлемдер. Бұл ретте халық саны өте жоғары болады. Бұдан бөлек республика деңгейінде аудармалар қабылдаймыз. Бір минуттың ішінде тез жететін аудармалар бар. Халықаралық жүйедегі аудармаларды жібереміз және қабылдаймыз.
-    Жалпы Көксу ауданына қарасты қанша почта қызмет атқарады?
-    Көксу ауданында  он округ бар. Әр округтың өзінің жеке пошталық мекемелері бар. Аудан бойынша 52 қызметкер поштада қызмет атқарады. Әр қызметкердің сапалы жұмыс атқаруын талап етеміз.  Заманауи деңгейде дамудамыз. Біздің өзіміздің «post.kz» деген бағдарламамыз бар. Сол бағдарлама арқылы хат жіберуіңізге болады. Яғни жіберген хаттарыңыз немесе заттарыңыз болса сол бағдарлама арқылы қай жерде кетіп бара жатқандығын , қай қалада немесе ауылдық жерде екендігін біле аласыз. Бұдан бөлек қағаз түрінде емес электронды түрде хат жолдап мазалап жүрген мәселелеріңіздің сұрақтарына жауап ала аласыз.

-    Өзіңіз белетіндей газет пен пошта егіз ұғым секілді. Себебі, ауданның тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын жалпыға жар ететін газет болса, сол құнды қағазды халыққа қалтқысыз жеткізіп, өз міндеттерін мұқият орындайтын пошта қызметкерлері. Міне, осы орайда сол пошташы жандардың қызметі жайында айтып өтсеңіз?

-    Пошташылардың жұмысы басқа саланың қызметкерлеріне қарағанда ерекше, әрі жауапты. Бір ерекшелігі жұмыс барысы тым ерте басталады. Таңмен бірге оянып, қызу жұмысқа кірісетін адамдар жұмысқа кетіп немесе басқа шаруаларымен үйден шығып кетпей тұрғанда хаттарын жедел түрде жеткізіп беру. Бұл олардың күн тәртібіндегі ең алғашқы тапсырма. Бірақ, тым ерте басталаған жұмыс кейде ерте аяқталып та жатады. Себебі, поштаға келген хаттардың санына байланысты. Ал, газет шығатын күні жұмыс көп болады. Себебі, аптап ыстықта да, қақаған аязда да олардың міндеті халыққа қажет дүниені жеткізіп беру.  
-    Білуімше, жақын арада газетке жазылу науқаны бастау алады. Жалпы, осы жүйе қалай жүріп жатыр? Осы мәселенің төңірегінде сөз қозғасақ?

-    Иә, қазан айынан бастап келесі жылға газет-журналдарға жазылу науқаны басталады. Жазылушыларға алуан түрлі қызықты әрі пайдалы басылымдарға жазылудың ең қолайлы мүмкіндіктерін жасауға тырысып жатырмыз. Соның бірі де бірегейі өздеріңіз қызмет атқарып жүрген, ауданымыздың айнасына айналған «Нұрлы Көксу» газеті. Басылымдар тікелей үйіне, жұмысына немесе оқу орнына жеткізіледі. Сонымен қатар, мысалы, бір отбасы бірнеше басылымға жазылатын болса, оған жеңілдіктер жасалады. Қазір тұрғындардың қазақ тіліндегі басылымдарға аңсары ерекше, жазылушылардың 80 пайызы мемлекеттік тілдегі басылымдарды таңдайды десек, артық емес.

-    Пошта қызметі аясында басыңыздан қандай қызықты оқиғалар өтті?
-    Әр саланың өзінің қызықтары бар. Енді міне осындай оқиға өтті деп айта алмаймын. Аяқ астынан еске түспейді екен. Алайда, ойлаймын жұмысыңа сүйіспеншілікпен қарасаң әр күнің сәттілікке толы болады. Осы орайда әріптестерімді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстары жемісті болсын. Халықпен тығыз байланыста болғандықтан, әрқашан халықтың ақ батасын алуына тілектеспін.
Иә, қай мереке болсын өзінше ерекше сипатқа ие. Сондай мерекелердің бірі әлем жұршылығы болып қарсы алатын пошташылар күні. Осы мереке аясында әлеуметтік желіде «жергілікті пошта қызметін пайдаланасыз ба?» деген сауалнама жүргізген болатынбыз. Сауалнама барысында «тез арадағы аудармалар үшін», «интернет дүкендер үшін» , «сапалы қызметтер үшін»деген ұтымды жауаптарды алдық. Бұл жауаптардан байқағанымыз пошташылар қай жағдайда болмасын өз істерінің маманы екенін нық сеніммен айта аламыз. Пошташылар жайлы өз ойын ақын Әбділдә Тәжібаев «Почтальон жыры»деген өлеңінде:
«Ұясынан шықты күн,
Мен де шықтым үйімнен.
Күн батқанша түспейді,
Сұр қапшығын иіннен»- деп пошташылардың еңбегін жақсы сипаттап жаза білген.
Қорыта келе, пошташылар әрқашанда өз істерінің майталмандары.  9-қазан пошташылардың төл мерекесі. Қалай болғанда да, дәл қазіргі күні өмірімізді пошташыларсыз елестету мүмкін емес. Сан ғасырлар бұрын пайда болған бұл саланың қоғам игілігіне тигізер пайдасы мол. Пошташыларды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, жұмыстарына табыс тілегім келеді.

                                                                          Аяла АРЫСТАНБЕК

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.