СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА

Ортаны қорғау - ортақ міндет!

Санат: СОЦИАЛЬНАЯ СФЕРА
Уақыты: 22.10.2020
Оқылды: 74 Печать страницы
 Ортаны қорғау - ортақ міндет!

  Ортаны қорғау дегеніміз – өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи заттарды тиімді пайдалану, табиғи байлықтарды сақтау және көркейту негізінде табиғат пен адамзаттың өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс шаралар жүйесі болып табылады. Қазақстан республикасында «Қоршаған ортаны қорғау туралы»  арнайы Заң жобасы 1997 жылы 5 тамызда қабылданған. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және басқадай қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсеріне жол бермеуге, әртүрлі биологиялық қалыптарды сақтауға және табиғатты оңтайлы пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған. Қазақстан республикасын экологиялық қауіпсіздігі туралы мемлекеттік тұжырымдамада  (1997) қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделерін ескере отырып, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды экологияландыруға көшу стратегиясы белгіленген. Қазақстан Республикасының осы стратегияны басшылыққа ала отырып Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды Қазақстан Республикасының Конституциясына негіздеді және ол «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы», басқа да заңдар мен нормативтік құқықтар актілерінен тұрады.
Экономика ұшқан құстай дамыған қазіргі таңда, экологиялық тепе-теңдікке түсетін салмақ та артып бара жатқаны әлемді алаңдатып отырған ауыр ғаламдық мәселелердің бірі. Әлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогенді немесе таза антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жаһандану деп аталады. Қазіргі танда Халықаралық деңгейде мынадай  ғаламдық  мәселелері  бар: Азық-түлік немесе ашаршылық мәселесі, Энергетикалық мәселе, Демографиялық мәселе, Климаттың өзгеруі, Экологиялық мәселе, «Үшінші әлем» елдерінің артта қалуын жою, Қауіпті ауруларды жою, Әлемдік мұхит пен космосты игеру, Қылмыс және терроризммен күрес қатарлы маңызды әрі қиын мәселелер адамзат алдында тұр.
 Ғаламдық мәселелерді ерекше білім саласы - глобалистика зерттейді. Аталған  ғаламдық мәселелерді өзара тығыз байланысты және барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Әрбір ғаламдық проблеманы міндетті түрде шешу қажет, өйтпесе оның дамуы апатқа - өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады. Ғаламдық мәселелерді шешу үшін ғаламдық, аймақтық, ұлттық бағдарламалар жасалады, бірақ оларға келісушілік және үйлестірушілік жетіспейді. Ғаламдық мәселелерді шешуге жұмсалатын шығындардың жартысына жуығын экологиялық мәселелерді шешу шығындары құрайды. Өйткені басқа   мәселелердің ішінде ғаламдық экологиялық мәселелерді ең күрделі мәселе  деп санайды. Ғаламдық экологиялық мәселелер- ғаламдық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық мәселелер кешені. Зор геосаяси мәселенің экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи эко жүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық  әртүрліліктің  азаюы және т.б. Олар тек қана барлық елдердің қатысуымен, БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін. Экологиялық  мәселелердің ғаламдығы оны шешу үшін барлық елдердің жігерін жұмылдыру қажеттігін тудырып отыр, қарудың барлық түрлерін азайтпай экологиялық дағдарыстан айырылу мүмкін еместігі; биосфераның жалпыға ортақ ластануына қарай ядролық соғыс ғана емес, тіпті жай соғысты жүргізудің мәнсіздігі,  қазіргі өркениеттің технологиялық құрылымын қайта құру, өмір негізі болатын табиғатпен өзара іс-әрекеттің жаңа сапалы әдістері мен құралдарын жасау, қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру және оларға төтенше өкілеттік беру.
Біздің еліміз де жаңа ғасыр табалдырығын аттай отырып, басқа мемлекеттер сияқты қоршаған орта туралы күрделі мәселелерге тап болды. Қазақстанда ондаған жылдар бойы қоршаған ортаға экстремалды жоғары техногенді жүктемелерге байланысты табиғатты пайдаланудың шикізатты басым жүйесі жіктелді. Бұл пайда болудың ғана себепшісі емес, сонымен қатар біздің елімізде ауыр зардаптар түрінде қалған экологиялық мәселелердің  тұрақты өсуіне де байланысты. Семей ядролық полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруларды сынау қоршаған табиғат ортасына және адамдардың денсаулығына орны толмас зардаптарын әкелді, жақын қоныстанған тұрғындардың өлім-жітім санының көбеюі және  ауру түрлерінің артуына әкелді. Семей өңірінің барлық аумағы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына шекаралас жатқан полигон экологиялық зардаптар аймағы болып танылған, ал  Арал теңізі мәселесі жер шарын  алаңдатуда, оның өміршең қажетті су ресурстарын қалпына келтіру үшін ғалымдардың күштері жұмылдырылған.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялаудың ең жаңа мемлекеттік жүйесін құру мен қалпына келтіру жылдары болды. Оның бастауына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісі қызмет етті, онда Қазақстандағы экологиялық мәселелер алғашқы рет қарастырылды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажеттілік анықталды. Осы мақсатта Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Тұңғыш Президент Жарлығымен бекітілген 2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының экологиялық  қауіпсіздік  тұжырымдамасын әзірлеген. Осы тұжырымдаманың негізі «2030 Стратегиясында» салынған, онда «қоршаған ортаны қоректендіру, тазалығын жақсарту және экология» біздің мемлекетіміздің дамуындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасының жалпы түсінігі дәстүрлігімен қатар, дәстүрлі емес сипаттағы қатерлердің кең спектрін енгізеді, олардың арасында қоршаған орта жағдайының нашарлауы негізгі компоненттердің бірі болып табылады. Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі стратегиялық компоненттері және мемлекеттік басымдықтардың маңызды бөлігі болып табылады, себебі адамзат дамуының осы кезеңінде экологиялық мәселелер тірі қалу проблемасына өтуі мүмкін кезде биосфераға мүмкін әсер ету шегінде болады.
     Қазіргі кезде біздің  республикамыздың  көптеген өңірлерінде экологиялық ахуал тек қолайсыз ғана емес, сонымен қатар өте апатты жағдайда. Барынша қауіптісі экологиялық дағдарыстың пайда болуына, техногендік босауға, топырақтың құлдырауы, су ресурстарының азаюы мен ластануы, ормандар санының қысқаруы, биологиялық әртүрліліктің қайтарымсыз қысқаруы және тірі табиғаттың генетикалық қорының бұзылуы, радиациялық бұзылу, қауіпті және улы заттардың жинақталуы жатады.
Қоршаған ортаны ластаушы және табиғат жүйесінің құлдырауын тудыратын  негізгі  көздері: өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, автомобиль көлігі, басқа антропогендік факторлар. Биосфера және қоршаған ортаны қорғаудың қосылған компоненттерінің арасынан атмосфера барынша сезгіш болғандықтан, оған тек газ тәріздес ластаушылар ғана емес, сонымен бірге сұйық және қатты заттар да әсер етеді.
Бізді қоршап  тұрған ауа – бұл газдардың қоспасы. Қазақстан үстіндегі атмосфераға улылығы жоғары газ тәріздес және қатты заттардың маңызды қоспасы бөлінеді. Егер әртүрлі тұрақты көздерден қалдықтардың санын салыстыру қажет болса, онда шамамен 50 пайызы жылу-энергия көздерінен тасталады, ал 33 пайызы – тау-кен және түсті металлургия кәсіп орындарынан тасталады.  Әрекет етудің барынша кең радиусы азот пен күкірт тотығы болып табылады. Олар маңызды арақашықтықта тасымалданады және ауылшаруашылығына маңызды әсер етеді. Атмосфералық ауаның ластануына Қарағанды (жылына 1 млн. тоннадан артық), Павлодар (400 мың. тоннадан артық), Шығыс Қазақстан (200 мың. тоннадан артық) облыстары негізгі үлес қосады. Барынша ластанған қалалар және өнеркәсіп орталықтары Өскемен, Алматы, Шымкент болып табылады. Сондай-ақ атмосфераның ластануына  авто және теміржол көліктері де өз үлестерін қосады. Мысалы, әртүрлі транспорттардан жыл сайын шығатын керексіз қалдықтар шамамен 1 млн. тоннаны құрайды. Алматыға атмосфераның ластанудың жалпы массасының 90 % автокөліктердің пайдаланылған газды шығаруынан келеді. Астананың қарқынды дамуына, автокөліктер санының ұлғаюының, транспорттарден шығатын ыс Астанада жалпы 37 % құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағының топырақ- экологиялық жағдайы  көңіл көншітпейді. Экологиялық жағдайды тұрақсыздандыру топырақты өздігінен қалпына келтіру мүмкін болмайтын кезеңдерге дейінгі дәрежеге жетті. Бұзылған топырақты рационалды пайдалану, қорғау және қалпына келтіруді, топырақ құлдырауының алдын алу, эрозияға ұшыраған және техногенді бұзылған топырақты, сондай-ақ жайылымдарды қалпына келтіру бойынша бағдарламаны әзірлеу талап етіледі. Макро өңір шаруашылығын аумақтық ұйымдастыруды жетілдірудің маңызды бағыты су шаруашылығы мәселелерін шешу. Қазақстанда шамамен суландыру үшін жарамды 50-60 млн. га жер есептелген. Сол уақытта су ресурстары тек 8-10 млн. га жерді суландыруға  жетеді. Мұндай жағдайда суармалы егіс алқаптарын дамытудың жолдарын дұрыс таңдау керек, эко жүйені қалпына келтіруге кедергі жасайтын мәселелерге жол бермеу керек.
Қазақстанның экологиялық жағдайын экономика мен қоғамды, заңды тұрғыда экологияландыру арқылы оң бағыттарға қарай өзгертуге болады. Мысалы: жаппай жасылдандыру, әртүрлі қоршаған ортаны ластауларға жол бермеу,  жарамсыз қалдықтарды қалаймақан төкпеу, әрбір адам өзі жасаған орта алдындағы міндетін сезінуге жол көрсету.
Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында былай деген болатын: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.  Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын.  Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын ұлғайту мәселесі өте маңызды.   Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн. Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көмір тегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын.  Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез - келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес.
Шынында да, экология тепе-теңдігінің бұзылуы бізге ауыр зардаптар алып келеді. Табиғатты бүлдіріп, орман - тоғайды отап, аң-құстарды қынадай қыру адамзаттың жаратылыс алдындағы қаныпезерлігінің айқын көрінісі. Әуелі   дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ғалымдарының мәліметінше, жұқпалы аурулардың жаппай тарала бастауы міне сол тепе-теңдіктің бұзыла бастағандығының бір дәлелі болмақ. Адамзат ауаның ластануынан адам ағзасына ауыр зардаптар әкелетін вирустық дәуірге қадам басуда. Ал «Covid - 19» сол дәуірдің басы ғана. Егер экология жағдайы жалғасты құлдырай беретін болса, онда cол індетпен қатар бұрынғы және жаңа вирустық аурулар күшейетін болады, - дейді мамандар.
Ендеше, сіз бен біз мекен еткен осынау жасыл шарды аялап, қорғау бәрімізге ортақ міндет. Отаншылдық деген қолға жалау алып «жерімізді ешкімге бермейміз!»-деп алаңға шығып айқайлау емес. Отаншылдық дегеніміз – сол  жерлерге түрлі ағаштар егіп, гүл отырғызып, бау- бақшаға айналдырып күтіп, баптау. Сөйтіп, жер ананың жылуын сезіну. Ортаны қорғау - ортақ міндетіміз екенін естен шығармай, жұмыла жұмыс жасағанымыз ең дұрыс.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.