Бәріңізге белгілі, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа Үндеуін жолдаған болатын. Онда ұлт көшбасшысы: «Бірден айтайын, бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен, өркендеген Қазақстан ең алдымен, мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», – деп мемлекеттің әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайын екендігін айтты.
Оның ішінде халыққа қуаныш сыйлаған жағымды жаңалығы - бес әлеуметтік бастаманың біріншісі – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру болды. Осы орайда, мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Түсінгенімізше, бұл бағдарламаның негізі ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 пайыздан, бастапқы жарна 20 пайызға дейін, ал мерзімі 25 жылға дейін болады екен. Қарап отырсақ, бұның елдің әлеуметтік жағдайын көтеруде өзіндік мүмкіндігі мол, тиімді тұстары көп екендігін байқаймыз. Елбасы ұсынған әлеуметтік жобалар жұмыс жасайтын әрбір қазақстандыққа ипотекалық несие алып, өз отбасылық бюджетіне қарай төлей алатындығына тетік бола алады.
Осы мақсатта, сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында «7-20-25» бағдарламасы бойынша жиын өтті. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, Ұлттық Банктік Алматы облыстық филиалының өкілі Бағлан Диханчинов, Алматы облысы құрылыс басқармасының өкілі Саид Дәрменов, екінші дәрежедегі банктер мен округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Жалпы, бағдарламаның тиімділігі жөнінде Ұлттық Банк өкілі Бағлан Мұраталдінұлы толықтай түсіндіріп өтті:
«Қазіргі таңда тұрғын үй сатып алу – ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен 2018 жылғы шілдеде басталған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше, қатарынан жұмыс істеу арқылы азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер береді, мәселен, «7-20-25» бағдарламасының мақсаты – халыққа төменгі пайызбен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға ипотека беру. Бұл арзан ресурстардың механизмі. Оның негізгі шарттары: ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20% аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7% пайыздық мөлшерлемен ипотеканы рәсімдеу.
Бағдарлама талабы бойынша өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы шарт, екіншіден, қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табыс болуы керек. Үшінші талап, алатын үйіңіз жаңа салынған болуы керек.
Бағдарлама еліміздегі орта деңгейдегі тұрғындардың баспана алуына мүмкіндік береді. Әсіресе, жас отбасылар үшін тиімді болып отыр. Отбасында ипотекаға қарыз алушының табыс көзі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы ретінде жарын немесе туысын тартуға рұқсат етілген. Тіпті, олардың басында баспанасы болған жағдайда да несие алуға болады. Яғни, қосалқы адамға негізгі шарттар қойылмайды, оларға талаптарды банктер өздері белгілейді. Бағдарламаның шарты бойынша алғашқы жарнаны қолма-қол төлеуге мүмкіндігі жоқ жандардың Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне (ҚТҚЖБ) салынған салымдар есебінен төлеу қарастырылған. ҚТҚЖБ-да азаматтар салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемемен яғни 3-5 пайыз қарыз алуына болады. Бүгінгі таңда, бұл аталған бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Айта кетер болсақ, бастапқы жарнаны төлеу үшін бюджеттік салада істейтін немесе көп балалы, жағдайы төмен отбасыларға 1 миллион теңге қаражатты мемлекет төлеп береді», - деп тиімді шарттарын атап өтті.
Осыған байланысты, әр ауданға қомақты қаражат бөлінген. Көксу ауданына осы бағдарлама бойынша қазіргі таңда бастапқы 16 миллион теңге қаражат аударылған. Және ағымдағы жылы «Смарт-Талдықорған» ЖШС аудан орталығына 32 пәтерлі үйдің құрылысын бастайды. Оның 16 пәтері «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін болады. Бұл біздің аудан үшін жағымды жаңалық.
Жиын соңында аудан тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы жас отбасылар үшін өте тиімді болып келеді. Сол себепті де, мемлекет тарапынан қарастырылып отырған бұндай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.
