Аудан мәслихатының кезектен тыс 44-ші сессиясының отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев, аудан мәслихатының депутаттары, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек және бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – ауданның «2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы» №40-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы. Осы жөнінде және ауылдық округтердің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы баяндама жасау үшін, сөз кезегі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Серік Нұрмұхамбетовқа берілді.
- Құрметті депутаттар! 2019 жылға арналған аудан бюджеті туралы өткен Қоғамдық кеңесте айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Жалпы, әр функционалдық топтар бойынша қысқаша айтар болсақ, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру 6-функционалдық топ бойынша ауданның жұмыспен қамту орталығының ақпараттық насихаттық жұмыстарын жүргізуге 19,0 мың теңге қарастырылды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» 7-функционалдық топ бойынша шығындар 90378 мың теңгеге көбейтілді. Соның ішінде, Балпық би ауылы аудандық әкімдігінің алдындағы алаңды абаттандыру жұмыстарына 20326 мың теңгеге қарастырылып отыр.
Ал, енді ауылдық округтердің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы айтар болсақ, жоғарғы бюджеттерден бөлінетін нысаналы ағымдағы трансферттердің 2019 жылға арналған көлемі 7 округ бойынша 163369 мың теңгеге көбейтілді, оның ішінде:
Балпық ауылдық округі – 108757 мың теңге;
Жарлыөзек ауылдық округі – 17037 мың теңге;
Лабасы ауылдық округі – 8254 мың теңге;
Мұқыры ауылдық округі – 2761 мың теңге;
Мұқаншы ауылдық округі – 2828 мың теңге;
Алғабас ауылдық округі – 20966 мың теңге;
Еңбекші ауылдық округі – 2766 мың теңге.
Балпық ауылдық округі бойынша, көше атаулары мен үй нөмірлері көрсетілген тақтайшаларды жасатуға – 1716 мың, АЕО жүйесіне қосылуға – 75 мың теңге, М.Сеңгірбаев атындағы орталық саябақта спорт алаңын орналастыру жұмыстарына – 30450 мың теңге жұмсалды. Өзге округтер бойынша да осы сияқты абаттандыру жұмыстарына қаражаттар қарастырылды, - деп енген өзгерістерді бекітіп беруін сұрады.
Үшінші мәселе – ауданның мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына тұрғын үй сатып алу үшін 7-20-25 ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айдын Жүнісов баяндап, әлеуметтік көмек көрсету шарттарымен таныстырды.
Ал, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Айбек Ахметов, аудан бойынша жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекітіп беруін алға тартты.
Сессия соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Сағадиұлы өз тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оңтайлы бағасын берді.
Отырыста талқыланған барлық мәселелер шешімін тапты.
