Бүгін өнірдегі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысының филиалының директоры Н№Отарғалиев журналистерге 2020 жылдың қорытындылары мен 2021 жылға арналған ӘМСҚ алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді.
2020 жылға анықталған бюджет сомасы – 136,4 млрд. теңге. Оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) аясында – 94,0 млрд. теңгені, МӘМС аясында – 42,4 млрд. теңгені құрады.
Қазіргі таңда облыс аясында 76 медициналық мекемемен келісім шарттар жасалды, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі - 44 (58%), жеке меншіктегі - 32 (42%) мекеме.
COVID-19 таралуын алдын-алу мақсатында іс-шараларды қаржыландыруға 2020 жылы Алматы облысы бойынша 16,8 млрд. теңге төленді.
Соның ішінде:
- Медициналық қызметкерлерді ынталандыруға - 7,8 млрд. теңге;
- Стационарлық көмекке - 5,3 млрд. теңге;
- ПТР зерттеуге - 2,7 млрд. теңге;
– Мобильді бригадалар жұмысына - 981 млн.теңге.
МӘМС енгізілуіне байланысты азаматтар үшін бірқатар қызметтер тегін қолжетімді болды. Ағымдағы жылы медициналық оңалту қызметтері, қымбат консультативтік-диагностикалық қызметтер (КДҚ) және жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша өсім байқалады. Мысалы, медициналық оңалту бойынша биыл 9 671 пациент қызмет алды, ал 2019 жылы 7 150 пациент (24,8% – ға өсті); жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша 2020 жылы 140 пациент қызмет алды, ал 2019 жылы 110 (27% – ға өсті); Консультативті-диагностикалық қызмет бойынша: КТ 2019 жылы – 9156 және 2020 жылы – 22177 қызмет (2,4 есе өсті), МРТ 2019 жылы-1228 және 2020 ж. – 11169 қызмет (9 есе өсті).
«Алматы облысы бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің тармақтары кескінінде кардиохирургиялық және травматологиялық бейін бойынша екі бағытта даму байқалады.
Кардиологиялық көмек бойынша келесі операциялар: митральды қақпақшаны тіндік трансплантаттармен ашық және өзгеше әдіспен ауыстыру, сонымен қатар автоматты кардиовертер/дефибрилляторды имплантациялау.
Травматологиялық көмек аясында: тізе буыны мен жамбас буынын ауыстыру операциялары.
Аталған медициналық қызмет түрлері ерекше сұранысқа ие болды. Барлық осы операциялар сақтандырылғандар үшін тегін қолжетімді», – деп айтып кетті Н.Отарғалиев.
Азаматтардың сақтандыру мәртебесін өзектендіру бойынша жұмыстың нәтижесі бойынша, сақтандырылған халықтың саны артты. Қазіргі таңда облыс бойынша сақтандырылмаған азаматтардың саны 447 650 адамды құрады.
2020 жылы пандемияға байланысты халыққа арналған бастамалардың бір бөлігін жүзеге асыра алмадық, бірақ біз олардан бас тартпаймыз және осы жылы оларды іске асыруды жалғастырамыз. Бұл ең алдымен, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету, мектеп медицинасын дамыту, стационарды алмастыратын көмек және оңалту.
Халықтың қажеттілігінің артуын және елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, медициналық көмекті сатып алу көлемі ұлғайды. ТМККК пакетінде бұл инфекциялық аурулары бар пациенттерге, онкологиясы бар пациенттерге арналған медициналық көмекке, паллиативтік қызметтерге қатысты. Сақтандырылған халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің, оның ішінде ауылдық жерлерде қымбат жоғары технологиялық қызметтердің көлемі артты.
«Сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын 30% дейін және орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20% дейін арттыруға қаражат жоспарланған.
Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ, осы бағыт бойынша қаржыландыру көлемі 20%-ға өседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша экстракорпоралды ұрықтау қызметтерінің саны жеті есеге артқанын атап өткен жөн. Егер 2020 жылы 1000-нан астам отбасыға ана мен әке болу қуанышын сезіну мүмкіндігі туса, 2021 жылы олардың саны 7 мыңға дейін артады» - деп Н.Отарғалиев түсіндірді.
2020 жылы келіп түскен шағымдарды талдау нәтижесінде келесідей қорытындылар айқындалды. Халық көбінесе консультациялық-диагностикалық қызметтердің қол жетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, қызметтерді күту ұзақтығы, жолдаманың берілмеуі, маман тапшылығы), медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жіберуге, ауруханаға жатқызудан бас тартуға, КДҚ ұзақ күтуге және т. б. шағымданды.
«Қор медициналық қызметтерді қаржыландыру бойынша өз міндеттемелерін тұрақты орындайтынына қарамастан, пациенттің жолында түрлі кедергілер туындайды – бұл бірлесіп орындау шарттарының болмауы, техниканың жетіспеуі, бейінді мамандардың тапшылығы, ұзақ кезек күту,
қандай да бір қызметтерді, әсіресе КДҚ ұсынудан бас тарту.
Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелерді медициналық ұйымдардағы менеджмент деңгейін арттыру, инфрақұрылымды қосымша қаржыландыру, медицина қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау арқылы бірлесіп шешу қажет» - деп атап өтті Н.Отарғалиев.
Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қатысушысы ретінде қор 2021 жылы осы мәселелерді бірлесіп шешу жұмыстарын жалғастырады, бұл ретте басты мақсат – пациенттердің құқықтарын қорғау. Денсаулық сақтау саласындағы басты тұлға - науқас, оның мүдделері мен денсаулығы.
«Біздің мақсатымыз - денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмектің сапасын артрыруда және медициналық қызметтерді ұсынатын мекемелердің бәсекеге қабілеттігін арттыру. Біз адал бәсекелестік деген ұстанымға берік боламыз, бұл сапалы медицинаға апаратын жол деп сенеміз» - филиал директоры сөзін қорытындылады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы
