Күні кеше Астанада «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі өз жұмысын бастады. Съездің басты мақсаты - «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттарын реттеу, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылау болды. Еліміздегі 1500-ге жуық дарынды жас буынның басын қосқан съезд жұмысына облыстан 70-ке жуық делегат қатысса, ауданнан өзім қатыстым. Жастар ел ертеңі ғана емес, сонымен бірге Елбасы айқындаған мемлекеттік мақсаттарды жұмыла жүзеге асыратын ең сенімді буын.Төртінші өнеркәсіптік революцияға қадам басқан қазіргідей заманда Қазақстан жастары спортпен, өнермен шұғылдануды әдетке айналдырып, бірнеше тілді еркін меңгеруі тиіс. Жаһандық бәсеке алдында мұның өзі аздық етеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана төрінде екі күнге жалғасқан «Жас Отан» жастар қанатының «Жаңа әлемге жол саламыз» атты IV съезіне арнаған құттықтау хатында тәуелсіз елдің ұрпағын жаһандық және отандық әдеби мұралармен терең танысып, шетелдегі кәсіби мамандармен иық тірестіре қызмет атқаруға шақырады.
Гала – форум еліміздің әр аймағынан келген 1500 алғыр жастың басын қосты. Елбасының форумға арнаған жүрек жарды лебізін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. Айтулы шараға ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Үкіметінің өкілдері, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Елбасы хатында «Жас Отанның» ел болашағы үшін атқарып келе жатқан қызыметіне жоғары баға беріп, стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруда бірде – бір беделді ұйым екені айтылған. «Мен осынау еңбектің жеңісі мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде.Төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді де өз пайдамызға қарай сәтті жүзеге асыруымыз керек»,- делінген хатта.
Мемлекет басшысының құттықтау хаты мыңдаған жасқа жігер сыйлады. Президент өз хатында ата-бабамызға арман болған тәуелсіздікті тұғырлы етіп, аға буынның жеңісті жолын жалғастыру жастарға артылған зор сенім екенін атап өткен.Сондай-ақ, Елбасы жастардың тың бастамаларын әрқашан қолдап, жарқын идеяларына қуанып отырғанын жеткізген. Қазақстанның баянды болашағы үшін жастар саясатын жаңғырту жұмыстары бұдан кейін де жүргізілмек.
Дәстүрлі басқосуды «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қорытындылап, келешектегі міндеттерді саралап өтті. Съезд соңынан жастар әр қазақ жатқа білетін «Атамекен» әнін шырқап, асқақ рухпен тарқасты.
Бүгінгі күні ауданымызда жалпы жастар саны 9082-ні құраса, олармен 10 ауылдық округте жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар қызмет етіп келеді. Ауданда 14-18 жас аралығында 1668 оқушы білім алса, жоғарғы және арнайы орта оқу орындарында 1240 жас білімін жетілдіруде. Үлкен мекеме, кәсіпорындарында жастармен жүйелі жұмыс істеу үшін бір жастар ісі жөніндегі комитет құрылып, жұмыс атқаруда. Былтырғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 80 жас маусымдық қызметке орналасып, 1550 тұрмыстық қалдықтар, 1720 метр арықтар тазартылып, 7000 метр жер (Теректі Мұқыры тас жолы және М.Сеңгірбаев атындағы саябақ) жағалаулары және 7 гектар жер қураған шөптен тазартылып, 50 түп ағаш отырғызу, 850-ге жуық ағаш әктеу жүзеге асырылды.
Жастар арасында жұмыссыздықты жою бойынша да жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту орталығына 29 жасқа дейінгі жастар қатарынан 595 адам жүгініп, оның ішінде 279 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту 2020 жол картасының 2 бағыты бойынша 6 адам шағын несие алды. Бүгінгі күні қоғамдық жұмыстарға 65 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 16 адам жіберілді. Жастар арасында жұмыссыздықты жою мақсатында аудан көлемінде бос жұмыс жәрмеңкесі өтіп тұрады. Аудан жастары әрбір мерекеге, қоғамдық шараларға белсенді араласып тұрады. Көксу ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен былтырғы жылы 3900 жасты қамтыған 78 шара өткізілсе, биылғы жылы да әр түрлі шараларды ұйымдастыру деңгейі қалыпты.
Дәурен МОЛДАҒАЛИ,
аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі.