
Наурыз айының отызыншы жұлдызында Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Тәрбие және білім» бағытында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ел мақтанышы - Мәулен Мамыров» атты кездесу өтті.
Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Арын Алпысбаев жүргізген жиынға мектеп оқушылары және аудандық жас спортшылар қатысты. Алдымен қадірлі мейман, жерлесіміз, палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, Атланта Олимпиадасының (1996 жыл) қола жүлдегері т.б. атақтардың иегері Мәулен Сатымбайұлының спорт саласында жеткен жетістіктері үлкен мақтанышпен айтылып, содан соң балалар чемпионға сауалдарын қойып, толыққанды жауаптарын алды. Балалардың сауалдарына жауап бере отырып, Мәулен Мамыров өзінің спортқа деген қызығушылығы туған жері Жетіжал ауылында басталғанын әңгімелеп берді. Алғашында ағаларына еліктеп жүрген бозбала, кейін өзі де спортқа зейін қоя бастаған. Аудандық, аймақтық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болу үшін тынбай жаттығуларға барып, көп еңбектену керек екенін түсінген. Содан бос уақытының көп бөлігін осы спортқа арнаған. Негізі, дейді чемпион, сөзінде: -Чемпион болу үшін көп еңбектенумен қатар, талант та баланың бойынан табылу керек. Егер бала Отанын, туған жерін сүйіп қастерлейтін болса, адамгершілігі, кішіпейілділігі бір бойынан табылып жатса, ол міндетті түрде биік белестерді бағындырады және ол тек спортта ғана емес,- деп есептейді. Күнделікті жаттығуларынан қалмай, қайтсек те чемпион боламыз деп, болашағын спортпен ғана елестетіп жүрген балалар ағаларының айтайын деген ойын жақсы түсінгендей. «Шынықсаң, шымыр боласың» дегендей, кейін жас палуандарға шеберлік сағаты ұйымдастырылып, онда күрестің түрлі әдіс-тәсілдері көрсетілді. Балалар арнайы төселген еркін күрес бозкілемінде чемпионның үйреткен қимылдарын тапжылмай тыңдап, бірге күш сынасып та көрді. Күресу кезінде неге, неліктен көп көңіл бөлу керектігін түсініп, біраз мағлұмат алды. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық»,- дегендей, ұйымдастырылған шара барысында балалардың бойларын қуаныш кернеп, өздеріне деген сенімі арта түскендей сезімде жүрді. Кездесу соңында балалар естелікке суретке түсіп, чемпионнан қолтаңба алды.
Меруерт РАХМИШОВА,
Балпық би ауылы.