
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қай жерде жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жердің экологиясын жақсартуға, елді-мекендерді абаттандыруға, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруге іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»,- деп атап өткен болатын.
Аталған игі бастаманы жүзеге асыру мақсатында Лабасы ауылдық округіне қарасты Талапты ауылының белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен атап айтсақ, Б.Нұрғазинов, Ғ.Бейісбеков, Қ.Нұртілеуов, Х.Әмреев, Ғ.Бітібаев тағы да басқа ауыл тұрғындарының ықпалымен және осы ауылдың тумасы, облыс прокурорының орынбасары болған, бүгінде зейнеткер Жұмабек Алмабеков ағамыздың қолдауымен «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөзін ұран қылдырып, ауыл ақсақалдары Сейіт Әбділдәұлы және Сәтбек Шайықов аталарымыз батасын беріп, қылқан жапырақты ағаштарын екті. Шара барысында қылқан жапырақты ағашының ауа тазартатын ерекше қасиетіне қарай, балабақша, Мәдениет үйі, мектеп, көше ортасына, мешіт және дүкен айналасына отырғызылды. Ендігі ауыл тұрғындары бірігіп, ауызбіршілік танытып, егілген ағаштардың айналасын қоршау жұмыстарына барынша қолдау көрсетуде. «Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым», - дейтін жомарт жандар үшін игі бастама.
Туған жерге деген ыстық лебізімізді құр сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кез келіп жеткен секілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Елді одан әрі дамыту тек білімді, дамыған және мәдениетті жастардың қолында»,– деген болатын. Біз, жалынды жастар ерік-жігерімізбен осы шараға атсалыссақ, оған ауданымыздың абзал, жанашыр азаматтары керісінше қолдау көрсетіп, көмегін бермесе бізге тоқтау қоймасы анық. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың басты қағидасы. Жұмыла көтерген жүктің салмағы әрқашан да жеңіл. Бес бармақ жиналса — жұдырық демекші, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін атап өткен жөн деп санаймын. Көк байрағы биікке желбіреген және тұғыры берік еліміздің мәртебесі, баянды болашағы кейінгі толқын жастардың қолында екені сөзсіз. Халқымыздың игілігі үшін атқарылатын шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бақыт ӘЛМЕНБЕТ,
Лабасы ауылдық округінің бас маманы.